Асқар Жұмаділдаев: Қазақ тілін ғылымға араластыруымыз керек

Қазақша алгебра және «Төрткен төртқара» атауы туралы

Алгебра біреу. Ол ұлтқа, дінге, мәдениетке, елге, жерге бөлінбейді. «Төрткен төртқараның» айырмашылығы неде? Тек қазақша атауында ғана.

Италияда Триеста деген қала бар. Сонда Абдус Саламның атындағы әлемге әйгілі теориялық физика орталығы бар. Абдус Салам мұсылманнан шыққан жалғыз «Нобель» сыйлығының лауреаты. Физикадан алған. Сол жерде жүргенде төртінші дәрежелі бір тепе-теңдік ойлап таптым. Сондай әдемі. Өзім қуанып кеттім. Сосын Төрт кемпір бір шал дейтін Кенен Әзірбаев атамыздың қызы бар еді. (Елдер кейін Төрткен деп кеткен –авт.) Сол кісінің аты қала берсін дедім. Өйткені «Төрткен» дегенде маған сондай бір жақсы ойлар келеді.

Бұл теңдік дифференциалдау операторы арқылы шығады. Оны интегралға ауыстырсам, құдды соның туысқаны шығады екен. Оның атын қалай қою керек? Сосын «Төртқара» деп оған да қоя салдым. Кейін естідім: Кіші жүзде Төртқара деген ру бар екен. Самарқанды 17 жыл билеген әйгілі Жалаңтөс баһадүрдің руы. Жауға шыққанда кедергі келтірмесін деп, сауыт-сайманын шешіп тастайтын болғандықтан солай аталып кетіпті. Бірақ атамыз тек қана соғыстың шебері болмаған. Сонымен қатар ғылымға, білімге, өнерге үлкен қамқорлық жасаған кісі. Мысалы Самарқанның ортасында Регистан дейтін жер бар. Сонда үш мешіт тұр. Біреуін Ұлықбек салдырған. Ал екеуін Жалаңтөс баһадүр салдырған. Сосын атамыз шетте жүрді, енді математикада қала берсін деп ойладым. Осылайша, алгебраны қазақша «Төрткен Төртқара» деп атадым.

х!+1=у2 теңдеуі және 1 мың АҚШ доллары

Бұл талай жыл бойы шығарылмай келе жатқан теңдеу. Оның жауабы жуырда табылмауы да мүмкін. Бірақ менің мың доллар беруіме себеп бар: Мен өзім туған күнімді тойламайтын адаммын. Елу жасқа келгенімде «Жас Алаш» газеті «Байқамай елуге келіп қалған академик» деген мақала жазды. Кішкентай ғана, бес-ақ сөйлемнен тұрады, өзі екінші бетте, бұрышында ғана…. Бірақ сол бірталай резонанс тудырды. Бауыржан Оспанов «Сіздің жаяу жүргеніңіз бізге ұят болады» деп көлік мінгізді. Көп адам хабарласып, құттықтап, «Саған қандай сыйлық берейік?»- деді. Соларға: «Сыйлықтың көкесі мынау болсын: осындай бір теңдеу бар: х!+1=у2. Кімде-кім осыны шығарады – ең үлкен сыйлық осы болады»,-дедім. Алдымен 100 доллар тағайындадым. Келесі жылы тағы 100 доллар қосып, екі жүз доллар қылдым. Осылай кете береді…

Оқу жүйесіндегі кемшіліктер мен “Махаббат қызық мол жылдар” туралы

Біздің білім беру жүйесінде маған ұнамайтын нәрсе көп. Бірақ маған ұнамайды екен деп оның бәрін өзгертуге болмайды. Біріншіден, оқулықтардың бәрі дұрыс емес. Екіншіден, біз далақбайлық әдіске көп бой алдыртып алдық. Шетелге еліктейміз дедік-дағы, өзіміздің мықтыларымыздан айырылып бара жатқан сияқтымыз. Мысалы, Кеңес одағы кезінде Қазақстанда математика, физика, химия сияқты жаратылыстану ғылымдары жақсы дамыған еді. Оның әдістемесі жақсы қалыптасқан. Осы уақытқа дейін балаларымыз ылғи олимпиададан, байқаудан озып жатқанының бірден-бір себебі – біздің осы инерциямызда.

Кеңес одағы кезінде білім алған мұғалімдер бар, оқулықтар бар. Қазір көп жерде былай қылады: жеке меншіктерде «Біз кеңес кітаптарымен оқытамыз» деп жазып қояды. Ашық айтпауы да мүмкін. Бірақ, сұрасаң айтады. Тексеру келе қалса, мінекей деп оқу бағдарламасына сай жаңа кітаптарды көрсете салады.

Жолдауға пікір немесе 10-11 сыныпта ағылшын тіліне көшу туралы ой

Биылғы жолдауда 2018 жылдан бастап 10-11 сыныптарды ағылшын тілінде оқытуға көшеміз делінді. Негізінде ағылшын тілі керек. Көшу керек. Алайда, қалаған адам ағылшын тілінде оқиды, қаламаған – оқымайды десе, келісемін. Ал олай емес, жұрттың бәрі көшеді десе, қарсымын. Өйтсе адамның құқығы бұзылады. Өз тілінде сөйлеу –  Алланың берген құқығы. Екіншіден, біз Қазақстандамыз. Біздің тіліміз ешбір заңға қарамастан, алшаң басып жүруі керек. Үшіншіден, үш тілділік деген ешбір елде жоқ. Мысалы, Малайзияда екі тіл: малай және ағылшын. Ағылшын олар үшін біздегі орыс тілі сияқты. Үндістанда да солай. Біздің орыс тіліміз бар ғой онсыз да. Аз ба? Онда төртінші тілді де қосып алайық. Елдің бәрінен ерекше боламыз. Міне, тегін идея (күліп).

Менталды арифметика немесе миды қалай дамыту керек?

Дүниеде пайдасыз нәрсе көп қой. Мысалы темекі. Ол пайдалы ма? Жоқ, бірақ бәрі тартады. Менталды арифметика пайдалы ма? Жоқ. Ол да темекі сияқты керек емес өнердің біреуі. Дәлірек айтсақ, бұрын болған өнер. Бұдан жүз жыл бұрын ешқандай компьютер, калькулятор болмаған. Сол кезде жапондар мен қытайлардың ойлап тапқан өнері. Онда екі таңбалы санды екі таңбалы санға көбейтеді. Сіз оны бір минут көбейтесіз, ол отыз секунд. Ал не болыпты? Оны калькулятормен есептей салған оңай емес пе? Бас сол ақымақ есепті шығару үшін керек пе? Бас тірлік жасау үшін керек. Ал мұндай есеппен кім тірлік жасай алады?

Ал миды дамыту үшін ең керемет өнер – скрипка. Эмоцияға да, өзіңе де пайдалы. Шаршағаның басылады. Ал мына менталды арифметика деп жүргендерінің 15 деңгейі бар екен. Оны он жыл оқиды. Бұл біреудің Америкадан алып келген франшизасы. Біздің елдегі басшысы – бір түрік. Бірақ орталықтарына барып бастығын сұрасаң, кім екенін айтпайды. Солай үйретіп қойған. Мұғалімдердің жалақысын 50 мың теңгеден бастайды. Ебін тапсаң, көбейтіп аласың. Пирамида сияқты. Үстіндегісі ұтады, қалғаны ұтылады. Мұны үйрету үшін математик болудың қажеті жоқ. Екі-үш рет көрсең, өзің де үйреніп аласың. Сосын жүреді он жыл бойы. Бір деңгейі бәленбай мың теңге тұрады. Адам да ақымақ емес қой. «Әй, мен он жыл оқығанда осыдан не ұттым?” деп ойлауы керек. Үш таңбалы санды үш таңбалы санға көбейттің. Оның не керегі бар? Мысалы, циркке барсаңыз, біреу мұрнына бұранда тығады. Сол өнер ме? Цирк үшін өнер шығар, бірақ пайдасы қанша? Оны көру үшін адамдар ақша төлеп келеді. Болды. Ақша табудың жолы. Мынау да сол сияқты. Көшеге шығып саусақтарыңмен бүйтіп-бүйтіп (қолымен көрсетті) тез- тез есептеп бересің. Ақымақ журналистер соны “оһ” деп телебағдарламаға шығарып жіберді. Ол өнер емес. Ол – цирк. Ғылымның маңайына да жоламайды.

Ғылым мен геннің байланысы немесе отыздан асқанда ғалым болу мүмкін бе?

Атақты Нобель сыйлығының бір лауреаты бар. Аты есімде қалмапты. Бәрін гендік тұрғыда түсіндіреді. Неге қаралардан математик шықпады? Неге баскетболистер көп шықты? Соны осы гендік тұрғыда түсіндіреді. Бірақ мен бұл пікірге қосылмаймын. Қаралардың да арасында математиктер бар, аз емес. Менің ойымша, бәрі еңбек етуге байланысты. Еңбек етсе, бәрі шығады.

Ғылым жасқа қарамайды. Енді отыздан кейін математика кішкене қиындау болуы мүмкін. Өйткені бала-шағаң болады дегендей. Ертең келіншегің нан тап десе, математика жайына қалады. Ерлан Сағадиевтің «Фуд мастер» өнімдерінде «Сапалы өнім асықпай жасалады» деген жарнама бар. Сол сияқты математика да көңіл бөлгенді, асықпай отырғанды жақсы көреді. Ал бала-шағаң бар кезде олай отыра алмайсың. Ондайда математика қашып кетеді. Бұл тұрмыстық тұрғыдан.

Физиологиялық тұрғыдан алсақ, алпыс жасқа келіп те оқуға түсіп жатқандар бар. Бірақ олардан бірдеңе шығыпты дегенді естімедім. Мысалы Ілия Жақанов жетпіске келіп суретшілікке түсіп, диплом алыпты. Мен де сөйтетін шығармын (күліп). Менің ең бірінші дипломым қандай екенін білесің бе? Ол Мұзафар Әлімбаев қол қойған «Балдырған» журналының дипломы. Сурет салғаным үшін берген (күліп).

НОВОСТИ