Дурвудхан Сұраған: Бірнеше ғылымның басын тоғыстырып, мәнін іздеудемін

Ғылыммен айналысуды университетте 2-курстан бастадым. Қазақстанға танымал профессор Балтабек Қанғожинмен бірігіп жұмыс істедік. Ол кісі маған түрлі кітаптарды оқуға, есептерін шығаруға беретін. Ішінде орыс тіліндегі кітаптар да болды. Түсінбейтінмін. Содан әр сөзін аударып, түгел оқып шығамын. Шын ғылымды сүюге алғаш жол ашқан адам да осы Балтабек ұстазым еді. Кейіннен ол мені Ұлттық ғылым академиясының академигі Тынысбек Кәлменовпен таныстырды. Өз саласы бойынша әлемге танымал академик ғылымда не нәрсенің өзекті екендігін ұғындырды. Кәлменовпен бірігіп 2-курста бір есепті шығардық. Есеп шешімі оңайлықпен жұмыстарды қабылдамайтын «Ресей ғылым академиясының баяндамалары» деген басылымға жарияланды. Әлемге танымал академик Ильинге ұнап, баяндамамызға жол ашылды.

Ғылымда жабылған сұрақ

Дифференциялды теңдеулердің ішінде спектрлік теория, яғни спектрлерді санаудың негізі бар. Cізге қандай да бір құбылысқа сәйкес қиын дифференциялдық теңдеу шешіп отыруыңыз керек болады. “Қисындыдифференциялдық теңдеу спектр дискретті болса, онда саны қанша болады?” деген осы саладағы математиктер арасында танымал сұрақ болды. Бүкіл кездескен қисынды дифференциялды теңдеулердің барлығының спектрішексіз болатын. Сұрақ мынадай: спектрі ақырлы болып қалатын сондай дифференциялды теңдеу табыла ма? Ал біз сұраққа “ондай дифференциялды теңдеу жоқ” деп жауап бердік. Сөйтіп, бұл сұрақты ғылымда жаптық. Математикада мамандар бұл шешімді мойындады.

 “Ғалымға екі-ақ қасиет керек”

Ынта мен жігер. Ғылымның кез келген саласы осы екі қасиетті жақсы көреді. Ынта –қызығушылық, жігер – табандылық. Бірінші қызығушылық танытып, екінші соны сақтау үшін табандылық танытуыңыз керек. Сонда ғылым да сізді сүйетін болады.

“Оқушының үй тапсырмасын азайту туралы ұсынысты қолдаймын”

Мен Монғолияның қазағымын. Мектеп табалдырығын аттаған уақытым 90-жылдарға сай келді. Кеңес одағы құрамындағы мемлекеттердің барлығы экономикалық дағдарысқа ұшырап, күнкөріс жағынан қиыншылықтар көріп жатты. Өзім малды отбасында дүниеге келгенмін. Ынтам болса да, мектепке бару мәселесі қиыншылық тудырды. Қай мектепке жақын қоныстанамыз, сол мектепке барып білім алатын болдым. Қазір ойлап қарасам, тауда мал бағып жүргендіктен болар, оқуға деген құштарлығым, санам тұнық болған сияқты. Оқушының үй тапсырмасын азайту керек деген ұсыныстарды өз басым қатты қолдаймын. Себебі білімге ынтасы бар балаға мектеп көп бөгет болмауы керек. Әрине іргелі білімді беруі керек. Бірақ баланы мектепке байлап қоюға болмайды. Еркін білім алу үрдісіне бөгет болмауымыз керек.

Қазақстанда ғылыммен айналысуға жағдай жасалған ба?

Ғылымда мемлекет жоқ. Сол себепті қазақстандық, шетелдік деп бөлу кей тұста қажет емес. Себебі ғылым адамзат игілігі үшін қызмет етуі тиіс. Шетелдің де шетелі бар. Мысалы, Еуропалық Ядролық Зерттеулер мекемесі(CERN) ғылыми орталығын Еуропаның бірнеше мемлекеттері құрды. Мұндай орталықтар бізде жоқ болғандықтан, біздің ел жақсы деп айта алмаймыз. Кей пікірлер бойынша, математикамен айналысу үшін қағаз бен қалам жеткілікті. Бұл ойдың да жаны бар, себебі интернет мүмкіншіліктерді одан әрі арттыруда. Бірақ күнделікті күйбелеңнің температурасы әр жерде әртүрлі болады. Осы мәселе кей жерлерде шығармашылықпен айналысуға қиындықтар туғызады. Дамыған елдерде жағдай жасалды – олар қағазбастылықтан ада. Онымен дау жоқ. Бірақ біздің елде жағдай жасалмады деп айтуға болмайды. Мен қазір Математика және Математикалық модельдеу институтында қызмет етемін.

“Отандық іргелі ғылымды дамыту үшін екі-ақ көпірдің құнындай қаржы керек”

Біздің қоғамдағы ең басты сұрақ қандай? Қазақстан қалай әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің қатарына кіреді? Бұл – утопия, яки жай сөз емес. Дамыған ел болу бәрімізге: жарлыға да, байға да керек. Қоғамда тұрақтылық, даму болмаса, сіздің байлығыңыздың құны – көк күл. Іргелі ғылым осының негіздерінің негізі, жоғарғы білімнің тірегі. Іргелі ғылыммен соғыс болып жатса да айналысу керек. 1940-жылдары соғыс кезінде Колмогоров, Векуа тәрізді танымал математиктер өз ісімен айналыса берген. Оларға ешкім тимеген. Есебін шығарып отырған. Ал қазір біз дағдарыс дейміз. Биліктің, мемлекеттің араласатын жері болады. Араласпайтын тұсы болады. Мемлекет іргелі ғылымды тек қаржыландыру керек, басқасына араласпауы тиіс. Іргелі ғылымдағы приоритетті менеджер емес, ғалымдар анықтау керек.

Ғылыми мақала санын неліктен арттыруымыз керек?

Дамыған мемлекеттер қатарына кірудің өзіндік талаптары бар. Мысалға, оны Global innovation indeх арқылы анықтауға болады. Біз қаншалықты инновациялық елміз? Аңдасақ, әлем бойынша 75-орында тұр екенбіз. Бұл индексті жасау үшін, ғылыми-техникалық мақалалар санын арттыру қажет. Мұнда енген 127 мемлекет бар. Біз соның 121-орынында тұрмыз. Демек, бізге ғылыми мақалалар керек. Келесі жылдары мақалалар санын 8 есеге арттыру қажет. Бұл – ғаламдық талап. Айта кететін жайт, әрине жеке ғалымды оның мақаласының санымен бағалау дұрыс бола бермейді.

Ғылыми мақаланы қандай басылымдарға жариялау қажет?

Әлемде мойындалған негізгі екі ғылыми басылымдар базасы бар: Web of Science (Thomson Reuters) және Scopus. Әр саланың журналдарының өз инфакт-факторы болады. Ғылыми журналдың сапасы квартилдермен (Q1, Q2, Q3, Q4) анықталады. Мақалаңызды мейлінше Q1, Q2-лі журналдарға бергеніңіз жөн. Мұндай журналдарға мақала оңайшылықпен қабылданбайды. Егер қабылданбай жатса, тым құрығанда жұмысыңызға мамандар пікірін аласыз. Алайда квартилді де абсурдқа апармау керек. Кеңес одағы кезіндегі Q1 журналдар қазір жоқ. Олардың көбі – Q4. Бұл көрсеткіш те уақыт өте өзгереді. Алайда біз өз кезеңміздегі Q1 қатарында болуымыз керек.

НОВОСТИ