Научный анализ позволил справедливо оценить работу ученых

– Тынысбек Шәріпұлы, ғылыми жобаларды қаржыландыру ісіне шетелдік сарапшыларды тартып, отандық ғалымдардың ғылыми жұмысына бағалау ісі, ғылымның дамуына қаншалықты ықпал етті?
– Қазақ ғалымдарының ғылыми жұмыстарын шетелдік ғылыми сарапшылардың бағалауы ғылымның оң бағытта дамуына ықпал етті деп нық сеніммен айта аламын. Бұл бағыттағы жұмыстар 2012 жылдары Білім және ғылым министрі болған Бақытжан Жұмағұлов тарапынан енгізілген батыл қадам болғаны анық. Сол кезде қазақ ғалымдарының ғылыми жұмысын өзге елдің ғалымдарына бағалату мәселесін көптеген адамдар қолдағанмен біраз ғалымдарымыз қарсы болды. Олар мемлекет қаржысын шетелдік сарапшыларға жұмсамай өз елімізде қалдыруды құп көрген еді. Бірақ сол кезде министрліктің қабылдаған бағдарламалары отандық ғылымның ынтмақтастық аясын кеңейтуге бағытталған еді. Сондықтан көпшіліктің қолдауымен қазақ ғаламдарының ғылыми жобаларын сырт елдердегі сарапшылардың саралауынан өткізу міндеттелді. Біздер ғылыми жұмыстарымызға ғылыми-техникалық сараптама жүргізіп, отандық ғылымның қаншалықты дамығанын айқындау мүмкіндігіне ие болдық. Сонымен қатар ғылыми ынтмақтастық аясы барынша арта түсті. Қазіргі таңда соның оң нәтижесін көріп отырмыз.


– Жалпы, бұл жүйеге қай саланың ғалымдары қарсы болды? Олар қандай уәж айтты?
– Негізінен қоғамдық ғылымдар саласында еңбек етіп жүрген әріптестеріміз қарсылық танытты. Оларға біраз ауыл шаруашылығы саласы ғалымдары қосылағанын білемін. Аграрлық салада еңбек етіп жүрген әріптестеріміз шетелдің ғалымдары біздің құпияларымызды біліп алады деп алаңдаушылық танытты.
Ал қоғамдық ғылымдар болса, әдебиет, мәдениет, тарих, экономика саласы ғаламдары шетелдік сарапшылар Қазақстанның қоғамдық ғылымдарынан жетік білмейтіндіктен, сараптама кезінде төмен балл қойып тастайды деп қауіптенді. Меніңше, қоғамдық салада еңбек етіп жүрген ғалымдардың алаңдауына негіз жоқ. Иә, шетелдік ғалымдар Қазақстанның ішкі саяси ахуалын, мәдениетін жетік түсінбеуі мүмкін. Бірақ қоғамдық ғылымдар бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізудің әдіс-тәсілдері әлемге ортақ. Қайта еліміздегі қоғамдық ғалымдардың әлемдік ғылыми ортамен тығыз ынтымақтастыққа түсуі маңызды емес пе?
Қазақстан саясат пен экономика бойынша бейтарап мемлекет емес қой. Елімізді өркендету жолындағы түрлі реформаларды дамыған елдердің іс-тәжірибесіне сүйеніп жүргізіп келеміз. Мұндай жағдайда қоғамдық ғылымдарды оқшаулауға бола ма? Әрине, болмайды. Керек десеңіз, біздің көне әдебеиетіміз бен мәдениетіміз өзге де өркениеттермен тығыз байланысты емес пе? Осындай жайттарды есепке алсақ, қоғамдық ғалымдардың алаңдауына негіз жоқ екенін кімде болса байқаған болар еді.
– Тынысбек аға, енді ғылыми жұмыстарды шетелдік ғалымдарға ғылыми-техникалық сараптама жүргізудің тиімді тұстары жайында айтсаңыз?
– Айтайын. Ғылыми сараптаманың қандай пайдасы болғанын өзімнің мамандығым – математика ғылымымен байланыстырып айтқаным жөн шығар. Кеңес заманында Қазақстанның математика саласы Одақ бойынша орыстар мен украиндерден кейінгі үшінші орында тұрды. Ал тоқсаныншы тоқырау жылдары сегіз, тоғызыншы орынға дейін құлдырап кеттік. Бұдан кейін жалғыз математика емес Қазақстандағы жалпы ғылымның қандай деңгейде екенін анықтау мүмкін болады. Сол кезде бізде химия, физика, биология ғылымдары жоғары деңгейде дамыды деп жүрдік. Өйткені аталған салада ғалымдар көп болды. Ал ғылыми жұмыстарға ғылыми-техникалық сараптама жүргізгенімізде Қазақстанда математика ғылымы жоғары деңгейде даму үрдісін жоғалтпағанын байқадық. Бұған математика ғалымдарымыздың шетелдік сарапшылардың қарауына жіберілген ғылыми жұмыстарының басым бөлігі жоғары балға ие болды. Осы сараптаманың арқасында қазақ ғылымның даму дегейі қандай дәрежеде екенін бағамдадық.
Бұдан бөлек әлемдік ғылыми кеңістікпен ынтымақтастығымыз арта түсті. Қазақ ғалымдары импакт-факторы жоғары ғылыми журналдарына ғылыми еңбектері жайында мақала жариялап, жоғары сілтемелік көрсеткішке ие болды. Осылайша ТМД елдері арасында ғылыми-техникалық сараптама жүйесін жетілдірген бірден-бір ел атандық. Қазіргі таңда көршілес елдер біздің жолымызға түсіп жатыр. Өз басым мұны Тәуелсіздік жылдары ғылымды дамытудағы сәтті реформаның бірі деп есептеймін.
Қазіргі талап бойынша қаржыландыруға ұсынылған ғылыми жұмысты екі шетелдік, бір қазақстандық сарапшы қарап шығып, рецензия жазады. Мұнда олардың аты-жөні құпия сақталады. Бұдан кейін әр бағыт бойынша Ғылыми кеңестің мүшелері сарапшылардың ғылыми жоба жайындағы ренцензиясымен танысып, шешім қабылдайды. Өзім Ғылыми кеңестің мүшесі болғанымда рецензиялармен танысқанымда қазақстандық сарапшылардың бұра тартатынын кездері болатынын, ал шетелдік сарапшылардың ғылыми жұмысқа әділ бағасын беретіне талай рет көз жеткіздім. Сол кезде мүйізі қарағайдай академиктердің ғылыммен қаншалықты айналысып жүргенін байқалып қалды. Ата-бабаларымыз «сырт көз сыншы» деп бекер айтпаған ғой. Осы ретте ғылыми жұмыстарға сараптама жасау үшін ғылымы жоғары деңгейде өркендегін АҚШ, Батыс Еуропа елдеріндегі ғалымдар тартылғанын айта кетуіміз керек. Олар әлемдік ғылыми үрдістің қай бағытта дамып жатқанын ескеріп, қазақ ғалымдарының ғылыми еңбектерін әділ бағасын берді. Сондықтан ғылыми жобаларды бағалауда өзге елдің сарапшыларын тару өте қажет дүние деп есептеймін. Бұл жұмыстар қазақ ғылымның өсіп-өркендеуіне өз пайдасын тигізіп отыр.


– Шетелдік сарапшылар турасын айтады дейсіз ғой?
– Иә. Шетелдік сарапшылар ғылыми жұмыста ғылым бар ма, жоқ па екенін қолға ұстағандай анық көрсетіп береді. Сонымен қатар ғылыми жұмыстың келешегі бар ма, жоқ па соның бәрін сарапшылар анықтап береді. Қазақстандық сарапшылар әріптестерінің жұмысын қарағанда көңіл жықпастыққа ұрынғаны байқалып тұрды. Ал шетелдік сарапшылар иі қанған былғарыдай былқ-сылқ еткенін байқамадым. Турасын айтады, мәмөңкелемейді.
– Қазақ қоғамында ғылымға қатысты көзқарасты өзгерту керек сияқты. Бізде ғалымның еңбегі қандайда бір қолданбалы дүниені өмірге әкелу керек деген түсікке саяды. Ал қазір ғылымның дамуы күрделеніп кеткені өзіңізге мәлім. Айталық, сіздің ғылыми жұмысыңыз ғылымдағы үлкен мәселенің бір бөлігін ғана шешуі мүмкін. Ал халық сізден қолданбалы дүние күтеді. Қалай ойлайсыз, халықтың санасындағы (тіпті кәсіпкерлік орта деп айтсақ та болады) осы бір қасаң қағиданы өзгертудің кезі келген сияқты?
– Өте дұрыс айтасыз. Қазір ғылым күрделініп кеттк. Қандайда бір ғылыми жобадан қолданбалы дүние күтудің заманы өткен. Қазір әлемде ғалымдардың жұмысын қолданбалы дүние арқылы бағаланбайды. Ғылымы дамыған дүниежүзінің жетекші елдері ғылымның дамып жатқанын импакт-факторы жоғары ғылыми-журналдарға жариялаған мақалалармен және оларған дүниежүзі ғалымдарының жасаған сілтемелік көрсеткішімен өлшенеді.
Қазір ғылым толықтай жаһанданып кеткен әлем мойындамаған ғалым – ғылым емес. Мұны бір сәтке де естен шығаруға болмайды. Біздер ғылым мен қолданбалы ғылымның арасын ажырата білуіміз керек.
Айталық, iPhone жыл сайын (тіпті бұданда қысқа мерзімде болуы мүмкін) смартфонның жаңа түрін шығарады. Мұны ғылыммен шатастыруға боламайды. Бұл – технологиялық жетістік. Мұның ғылыми негізі баяғыда салынып қойылған. Тек инженерлер темірдің орнына басқа асыл металдарды қолданып, ай сайын iPhone жаңа түрін шығарады. Ал оның ғылыми негізі өзегерген жоқ. Жаңа iPhone қолданысқа енуі бұл ғылыми жаңалық емес. Бұл диазайындык жетістік, болмаса инженерлік ақыл-ойдың нәтижесі.
Иә, мұндай үрдістер АҚШ-қа көл-көсір пайда әкеліп отыр. Кез келген ғылымды қолданбалы деңгейге жеткізу ісімен Батыс елдерінде жекелеген компаниялар аяналысады. Ал біздің аузымен құс түстеген ірі компанияларымыз шетелдің технологиясына ауыз ашып отыр. Сондықтан біздің халыққа ғылым мен технологиялық жетістіктің ара жігін ашып беретін кез келді. Бұрындары көпшілікке арналған ғылымды насихаттайтын басылмдар болушы еді. Қазір оның біір де жоқ. Сондықтан халықтың ғылымның дамуына қатысты түсінігі ескі ұғым-түсінікпен қалып қойған.

Сұхбаттасқан Нұрлан Жұмақанов, "ҰМҒТСО" АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі.

НОВОСТИ